30.11.2021, 20:04 42178

ҚР Президенті Женевада бірқатар кездесулер өткізді

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен кездесті.

ЖЕНЕВА. 30 ҚАРАША - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Женевада бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Пандемияға қарсы күрес, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша күш-жігер жұмылдыру мәселелеріне баса мән берілді.

Президент Қазақстанда пандемияға қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ ДДСҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясында коронавирустың жаңа штаммдарына бірлесіп қарсы тұру үшін басқа елдерге үндеу тастағанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мультилатерализм жүйесінің негізі болып қала беретінін атап өтті. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап дүниежүзілік ұйымның қағидаттарына, мақсаттары мен міндеттеріне бейілді болды және солай бола береді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қарусыздануға және жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайтуға елеулі үлес қосатынын және осы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді. Кездесуде Орталық Азиядағы ахуал, Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясын (UNAMA) Алматыда орналастыру мәселесі, Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның өңірлік орталығын өз аумағында құру жөніндегі Қазақстанның бастамасы талқыланды.

Әңгімелесу барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар, адам құқықтары мен бостандығы, гендерлік мәселелер сөз болды.

Татьяна Валовая Мемлекет басшысын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, еліміздің осы уақыт аралығында елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2011-2013 жылдары өзі басқарған БҰҰ-ның Женева бөлімшесіндегі ұжымының ыстық сәлемін және ізгі тілектерін жеткізді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Женевада Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары талқыланды. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ой-пікірлер ортаға салынып, Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай сөз болды.

Репатриация және реинтеграция, отбасылардың қауышу және қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарға психологиялық көмек көрсету мәселелері бойынша еліміз бен Комитет арасындағы өзара табысты ықпалдастық атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Комитеттің қызметін толық қолдайтынын нақтылап, осы ұйымның басшысы лауазымындағы Петер Маурердің атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы Халықаралық Қызыл Крест комитетіне Қазақстанның Қорғаныс министрлігімен бітімгерлік операциялар жүргізу мәселелері бойынша өзара табысты ықпалдастығы үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әскерилердің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу географиясын кеңейту жоспары туралы айтты.

Петер Маурер Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, Комитеттің қазіргі қызметі мен жоспары жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ еліміздің ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары, оның ішінде ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-конференциясына еліміздің төрағалық ету мәселесі талқыланды. Сондай-ақ халықаралық сауданы дамытудың өзекті мәселелері жөнінде пікірлер ортаға салынды.

26 қарашада ДСҰ Ұйымға мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясының өтетін уақытын кейінге шегеру жөнінде мәлімдеме жасады. Жиын 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Женевада өтуге тиіс еді.

Нгози Оконджо-Ивеала індеттің өршуіне байланысты министрлер конференциясын кейінге шегеруге тура келгені өкінішті жайт екенін және оның өте ауыр шешім болғанын айтты. Кездесуге қатысушылар іс-шараны өткізудің ықтимал жаңа мерзімдерін талқылады.

Президент ДСҰ-мен арадағы ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы айта келе, пандемия жағдайында Ұйымның әлемдік экономиканы қайта қалпына келтіру ісіндегі негізгі рөліне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланың басшылығымен вакцинаның барлық адамға бірдей тең дәрежеде қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ДСҰ-ға мүше мемлекеттермен, негізгі халықаралық ұйымдармен және вакцина өндірушілермен жүргізіліп жатқан конструктивті диалогқа қолдау білдірді.

Әңгімелесу барысында 2022 жылдың қараша айына жоспарланып отырған Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымындағы сауда саясатына алғашқы шолуының шығарылымы талқыланды. Президент еліміз үшін осы оқиғаның аса маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның ДСҰ қағидалары мен ережелеріне, сондай-ақ осы ұйымға кірген кезде өзіне жүктелген міндеттерге бейілділігін растай алатынына сенім білдірді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны