06.01.2023, 17:43 22496

Тоқаевқа "қаржыны жылыстатуға қарсы" ұлттық жүйеге реформа жүргізілгені жөнінде баяндалды

Мемлекет басшысына қаржы пирамидаларын жою жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді
Тоқаевқа "қаржыны жылыстатуға қарсы" ұлттық жүйеге реформа жүргізілгені жөнінде баяндалды
Сурет: akorda.kz
Астана. 6 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, ол Мемлекет басшысына Агенттіктің былтыр атқарған жұмыстары туралы есеп берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттік үйлестіруімен қаржыны жылыстатуға қарсы ұлттық жүйеге реформа жүргізілгені жөнінде баяндалды. Бұл қолданыстағы заңнаманы халықаралық ФАТФ (FATF) cтандарттарымен барынша сәйкестендіруге мүмкіндік берді.
 
Президентке бизнестің қылмыстық процеске қатысын азайту үшін Агенттіктің жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқаны жөнінде баяндалды. Соңғы төрт жылда тіркелген істер саны екі есе кеміген.
 
Жанат Элимановтың айтуынша, жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын мыңнан астам фирманың қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ 110 заңсыз ойынхана мен алкоголь өнімін шығаратын 44 жасырын цех жойылды.
 
Мемлекет басшысына қаржы пирамидаларын жою жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Былтыр қаржы алаяқтарының қызметін жарнамалайтын 13 мың веб-парақша мен аккаунт бұғатталды. Сондай-ақ 29 қаржы пирамидасының жолы кесіліп, зардап шеккен азаматтардың 8,3 миллиард теңге көлемінде шығыны өтелді. Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде құны 300 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылды.
 
Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы пирамидаларының қызметі мен алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ адал бизнесті қорғауға, қаржылық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды.
 
Бұған дейін ішкі істер министрі Мемлекет басшысына ведомствоның 2022 жылғы атқарған жұмысы туралы есеп бергені хабарланған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны