01.09.2021, 19:42 8119

Бағаны бірыңғай бақылауды қамтамасыз ету қажет - Тоқаев

Президент, сондай-ақ, елде бақыланбайтын инфляцияны тоқтату керек екенін айтты.
НҰР-СҰЛТАН. 1 ҚЫРКҮЙЕК - Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елдегі бағаны бақылайтын бірыңғай орган құруды тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды", - деді Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

 
Президенттің айтуынша, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. 
 

Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды. Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет. Үкімет осы мәселе бойынша бір айдың ішінде шешім қабылдауға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

 
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан - ЕАЭО-дағы азық-түлік бағасы төмендемеген жалғыз ел. Атап айтқанда, соңғы алты айда елде ет бағасы күрт өсті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны