25.01.2023, 08:49 26666

Қазақстанда тұрғындарға көмір жеткізудің жаңа тетігі әзірленеді

Басы артық делдалдарды айналып өтіп, тікелей өндіру орындарынан отын жеткізу жоспарлануда
Қазақстанда тұрғындарға көмір жеткізудің жаңа тетігі әзірленеді
Астана. 25 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тау-кен металлургия компаниялары қызметінің өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңесте ішкі нарықты, әсіресе шалғайдағы елді мекендерді көмірмен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Премьер-Министр өңірлік операторлардың көмірді бөлу жөніндегі қызметін талдау және басы артық делдалдарды айналып өтіп, әлеуметтік объектілер мен халыққа тікелей өндіру орындарынан отын жеткізудің жаңа тетігін пысықтау қажеттігін атап өтті.

Қатысушылар Қазақстан аумағындағы газ саласында Eurasian Resources Group-тың ("Еуразиялық топ" ЖШС) жаңа инвестициялық жобаларын іске қосу жоспарларын, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымын дамыту жобаларын талқылады.

Сондай-ақ қазақстандық және өзбек инвесторларының қатысуымен екі елдің теміржолдары арқылы жүк тасымалдауды жүзеге асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру мәселелері талқыланды.

Кеңеске Қаржы, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, "Қазақстан темір жолы", "QazaqGaz" ұлттық компанияларының және ERG компаниясының басшылары қатысты.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда көмірді маңызды тауарлар тізіміне енгізу жоспарлануда.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны