05.03.2025, 16:18 4766

Қазақстан мен Әзірбайжан мұнай жөнелтілімдерін ұлғайту туралы келісімге келді

2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млн тонна мұнай тасымалданды
ҚМГ мен SOCAR басшылары ынтымақтастық перспективаларын талқылады, деп хабарлайды ҚазМұнайГаздың баспасөз қызметінен.

Баку қаласында (Әзербайжан) "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Ровшан Наджафпен кездесті.

Тараптар 2022 жылы Қазақстан мұнайын Ақтау - Баку - Джейхан бағыты бойынша тасымалдау туралы екі компания қол қойған келісімнің орындалу барысын талқылады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млн тонна мұнай тасымалданды. Биылға арналған жоспар - 1,7 млн тонна.

ҚМГ мен SOCAR компаниялары арасындағы ынтымақтастықтың бұл бағыты Қазақстан мен Әзербайжанның транзиттік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ отандық көмірсутектердің халықаралық нарыққа экспорт көлемін кеңейтуге ықпал етеді.

Сонымен қатар компаниялар арасындағы декарбонизация туралы стратегиялық келісімді жүзеге асыру барысы талқыланды. Былтыр Әзербайжанда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (COP-29) тараптарының 29-шы конференциясы барысында қол қойылған құжат мұнай-газ саласындағы зиянды шығарындыларды азайту үшін декарбонизация және төмен көміртекті технологияларды енгізу аясындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Кездесуде мұнай мен газды геологиялық барлау және өндіру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, инвестиция тарту, өндірісті цифрландыру мүмкіндіктері қаралды.

SOCAR компаниясы - ҚазМұнайГаздың негізгі серіктесі. Күш-жігерімізді біріктіру нәтижесінде біз жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті және көмірсутек тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуды жалғастыратынымызға сенімдімін. Бұл өз кезегінде Каспий өңірінде жаңа транзиттік мүмкіндіктерге жол ашатын болады", - деп атап өтті А.Хасенов.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны