01.11.2022, 14:43 19631

Қазақстанда қазан айында инфляция 1,6%, жыл басынан бері 17,2% құрады

Қазақстанда қазан айында инфляция 1,6%, жыл басынан бері 17,2% құрады
Сурет: Depositphotos
Астана. 1 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда 2022 жылдың қазан айында айлық инфляция мөлшері 1,6%, жыл басынан бері - 17,2%, жылдық есепте - 18,8% құрады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
 
Статведомствоның мәліметінше, 2022 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда қазан айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер әрқайсысы 1,7%-ға, азық-түлік тауарлары 1,4%-ға қымбаттады.
 
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде жуу және тазалау құралдарының бағасы ең көп көтерілді – 5%-ға, киім мен аяқ киім, жеке тауарлар, тұрмыстық тауарлар 2,1%-ға, ыдыс-аяқ 1,9%-ға, тоқыма бұйымдары 1,7%-ға қымбаттады. Тас көмір бағасы 2,1%-ға, отын 1,7%-ға өсті.
 
Ақылы қызметтердің баға деңгейі өткен айда 1,7%-ға көтерілді. Оның ішінде қонақ үй қызметтері 6%-ға, кешенді демалыс ұйым қызметтері 4%-ға, демалыс және спорт саласындағы іс-шаралар қызметі 3,3%-ға, монша қызметі 3%-ға, балаларды дамыту орталықтарының қызметтері 2,9%-ға, қоғамдық тамақтандыру қызметі 2,2%-ға қымбаттады.
 
Азық-түлік тауарларының бағасы 2022 жылғы қазанда 1,4%-ға өсті. Оның ішінде қызанақ – 21%, қияр – 14,7%, жұмыртқа – 6,3%, балық және теңіз өнімдері – 2,3%, тоқаш және ұн өнімдері – 2,2%, салқындатылған сусындар – 1,9%, ірімшік және сүзбе 1,8%-ға қымбаттады. Керісінше сәбіз бағасы 5,6%-ға, қызылша – 5,5%, пияз – 5,1%, картоп – 3,5%, қырыққабат – 2,6%, құмшекер 2,3%-ға арзандады.
 
2022 жылғы қазанда жылдық инфляция мөлшері 18,8% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 23,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 17,9%, ақылы қызметтер 13,5% өсті.
 

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бюро мамандары барлығы 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағаларының өзгеруін бақылайды", – дейді Бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.

 
2022 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 30,2%, ақылы қызметтер 29,1% құрады.
 
Бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында елдегі инфляцияға әсер еткен факторларды атап өткен болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны