Қазақстанның халықаралық резервтері 2,1 млрд АҚШ долларына төмендеді - Ұлттық Банк
Жалпы халықаралық резервтер қыркүйек айында $2,1 млрд-қа төмендеп, $84,4 млрд-ты құрады.
Астана. 10 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Жалпы халықаралық резервтер қыркүйек айында $2,1 млрд-қа төмендеп, $84,4 млрд-ты құрады, деп хабарлады Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Ақпан-наурыз айларында интервенциялар жүргізу, мемлекеттік борышты төлеу, сондай-ақ алтын бағасының төмендеуі аясында жыл басынан бері алтын-валюта активтерінің $1,6 млрд-қа төмендеуіне қарамастан алтын-валюта активтерінің деңгейі жеткілікті және импорттың шамамен 7,3 айын жабуға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Ғалымжан Пірматов.
Оның айтуынша, республикалық бюджетке 3,7 трлн теңге сомасына трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап $3,4 млрд-қа валюталық активтер сатылды.
Дамыған елдердің орталық банктерінің ақша-кредит саясатын күшейту жөніндегі риторикасы аясында облигациялар мен акция нарықтары жыл басынан бері құлдырағанын көрсетті, бұл қыркүйек айында Ұлттық қор активтерінің төмендеуіне әсер етті: дамыған елдердің облигациялар портфелі (-)$722 млн-ға және акциялар портфелі (-)$1 255 млн-ға төмендеді", - деді Ұлттық банк басшысы.
Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,0 трлн теңгеге немесе 8,0%-ға ұлғайып, биылғы қыркүйек айының соңында 14,1 трлн теңгені құрады.
Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі 742,0 млрд теңгені, зейнетақы жарналары 1 трлн 238 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері 197,4 млрд теңгені, мерзімінен бұрын алу сомасы 858,5 млрд теңгені құрады", - деп нақтылады ол.
Зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 7,5% болды. Бұл ретте, зейнетақы активтерінің 5 жыл ішінде жинақталған кірістілігі жинақталған инфляция 53,7% болған кезде 55,8%-ды құрады.
Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы осы жылғы наурыз айындағы ең жоғары көрсеткіштен төмендегеніне қарамастан, орташа жылдық мәндерден біршама асып, жеделдей бастады. Жылдық мәнде инфляция 17,7%-ға жетті. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі бұған айтарлықтай үлес қосуда, ол жылдық мәнде 22,2%-ға жетті. Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттай түсуінен және оларға сұраныстың жоғары болуынан 17%-ға дейін жылдамдады. Ақылы қызмет көрсету инфляциясы 12,3%-ға жетті.
Оқу жылының оффлайн форматына толық өтуі, Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін көрші елден халықтың ағылуы аясында тұрғын үйді жалдау ақысы бойынша, сондай-ақ білім беру қызметі мен кеңсе тауарлары бойынша соңғы екі айда бағаның айтарлықтай өскені байқалды", - деді Ұлттық банк басшысы.
Фискалдық ынталандыру аясында жоғары инфляциялық процестердің орнықтылығы және экономикадағы сұраныстың күшеюі, оның ішінде жоғары инфляциялық күтулерді қолдайтын жаңа күтілмеген сыртқы өзгерістерді ескерсек, ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту талап етіледі, деп атап өтті Пірматов.
Осы жылғы қыркүйекте теңгенің долларға қатысты бағамы 1 долларға шаққанда 476,53 теңгеге дейін 0,9%-ға әлсіреді.
АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ақша-кредит саясатын белсенді түрде күшейтуі, доллар бағамының жаһандық нығаюы, геосаяси қақтығыстардың шиеленісуі, дамушы нарықтардың валюталарына секілді теңгенің де айырбастау бағамына қысым көрсетуді жалғастырып келеді", - деп түсіндірді ҚР ҰБ төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық банк инфляция бойынша болжамды ұлғайту жағына қарай қайта қарады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.