13.12.2024, 19:29 2006

Энергетика министрі Қытайдан келген серіктестермен атом энергетикасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

2024 жылғы 10-13 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі А.Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Қытай Халық Республикасында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен.

Бейжіңде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Мемлекеттік энергетика басқармасының басшысы Х.Ванмен және ҚХР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Ц.Люмен кездесті.

Тараптар атом энергетикасы, мұнай-газ, электр энергетикасы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл ретте Қытай тарапы Қазақстанға АЭС құрылысы жобасын жүзеге асыруда қолдау көрсетуге жоғары деңгейде дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ А.Сәтқалиев қысқа тізімге енгізілген ядролық технологияның әлеуетті жеткізушісі Қытай Ұлттық ядролық корпорациясының (CNNC) бас директоры Ю.Шэнмен келіссөздер жүргізді.

Делегация сонымен қатар НПР-1000 реакторы бар салынып жатқан Чжанчжоу атом электр станциясын, "Shanghai Electric" атомдық энергия корпорациясының өндірістік базалары мен Қытайдың орталығындағы уранды қайта өңдеу және байыту зауытын аралады.

Уран конверсиялау және байыту зауытына бару Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтің Жолдауына сәйкес уранды конверсиялауды және байытуды қоса алғанда, құнды кластерлерді құру қажеттігі бойынша Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстардың жалғасы ретінде болды.

Еске салсақ, 2024 жылдың 6 қазанында республикалық референдум өтіп, онда азаматтардың көпшілігі атом электр станциясын салу идеясын қолдаған болатын. Бұл шешім еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болып табылады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны