29.07.2022, 16:38 20136

Түркістан маңында жаңа KEGOC қосалқы станциясы пайдалануға берілді

Жаңа қосалқы станция Түркістан энергия торабын электрмен жабдықтаудың қосымша орталығына айналады.
Түркістан маңында жаңа KEGOC қосалқы станциясы пайдалануға берілді
ТҮРКІСТАН. 29 ШІЛДЕ - Түркістан қаласының маңында кернеуі 220 кВ "Орталық" жаңа қосалқы станциясын іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "KEGOC" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Жаңа қосалқы станция Түркістан энергия торабын электрмен жабдықтаудың қосымша орталығына айналады. Осының арқасында жергілікті тарату электр желісін дамыту үшін жағдайлар жасалады, сондай-ақ өңірлік желінің қажетті өткізу қабілеті қамтамасыз етіледі", - деп атап өтті KEGOC компаниясының басшысы Қаныш Молдабаев. 

 
Сонымен қатар, KEGOC баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, жоба шеңберінде 220 кВ және 110 кВ ашық тарату құрылғылары, 10 кВ жабық тарату құрылғылары, жалпы қосалқы станциялық басқару пункті, өрт сөндіру сорғы станциясы, қосалқы ғимараттар (көлікжай, БӨП), кірме автомобиль жолы салынды. Сонымен қатар 220 кВ "Шымкент-500-ГНПС" және "ГНПС - Кентау" әуе электр жеткізу желілері реконструкцияланды. Энергия объектісінің номинал қуаты – 250 МВА. 
 
Жоба Түркістан энергия торабында электр энергиясын тұтынудың болжамды айтарлықтай өсуіне байланысты салынды. Жаңа қосалқы станциясына қуатылығы шамамен 180 мегаватт қосу мүмкіндігі бар, бұл Түркістан қаласының жазда тұтыну көлемінен 3 есе көп – шамамен 50-60 мегаватт. 
 
KEGOC компаниясының басшысы жобаның әлеуметтік маңызын атап өтті. Сонымен, құрылыс кезінде 114 жұмыс орны құрылды, ал пайдалануға берілген қосалқы станцияда тұрақты жұмысқа 10 адам жергілікті кадрлардан жасақталған. Бұдан басқа, жобаны іске асыру кезінде отандық өндірістің материалдары мен жабдықтары кеңінен пайдаланылды. 
 
Қосалқы станция "KEGOC" АҚ-ның "Түркістан қаласының сыртқы электрмен жабдықтау схемасын күшейту. Электр желілік объектілер салу" жобасының шеңберінде жүзеге асырылды. Жалпы құны 9,93 млрд. теңгені құрайтын жоба Компанияның меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны