Тағылымдамалар, тұрғын үй және гранттар: Қазақстанда жас ғалымдарды қолдау қалай жүзеге асырылады, деп
хабарлайды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінен.
Ғылымды дамыту - еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды", - деп атап өтті Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте.
Ғылымды дамыту - Қазақстан үшін басты басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ұлғайтылды, ғылыми ұйымдар жаңғыртылуда, сондай-ақ шетелде тағылымдамалар саны артуда, бұл ғылымды жастар үшін тартымды етеді және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және зерттеу инфрақұрылымын нығайтуға ықпал етеді.
Ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 2025-2027 жылдарға 531,1 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды.
Ғылымды дамытуға және сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған заңдар қабылданды. Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының жоғары ғылыми ұйым түріндегі жаңа мәртебесі анықталды.
Инновациялық инфрақұрылымды қолдау үшін бірыңғай терезе болатын және венчурлік қаржыландыруды тартатын Ғылым қорының мәртебесі кеңейтілді.
Ғылыми қызметкерлердің мәртебесін арттыру үшін ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 18%-ға ұлғайтылды, ал ғылыми атақтар үшін қосымша ақылар 50 АЕК-ке дейін өсті.
Жалпы, елде ғылыми зерттеулермен 425 ұйым айналысады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11-ге көп. Ғылыми қызметкерлер саны 25,4 мың адамға жетті, оның 46%-ы жас ғалымдар.
Мемлекет ғалымдарға, оның ішінде жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Президенттің тапсырмасы бойынша олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру мақсатында 2024 жылы 315 жас ғалым пәтер алды. Оның 290-ы "Отбасы банкімен" бірлесіп іске асырылатын арнайы ипотекалық бағдарлама аясында, ал 25-і өтеусіз негізде тұрғын үй алды.
2025 жылдың басынан бастап 36 жас ғалым тегін негізде пәтер алды.
Мемлекет басшысының әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында 500 ғалымның жыл сайынғы тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау үшін шетелде ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы іске қосылды. Бүгінгі таңда осы тапсырманы іске асыру аясында 1475 тағылымдама берілді.
Сондай-ақ "Жас ғалым" бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2021-2024 жылдар аралығында гранттық қаржыландыруға 16 конкурс өткізілді, соның нәтижесінде 2 мыңнан астам ғылыми жоба іске асырылды.
Жыл сайын ғылымға қосқан үлесі және ғалымдарды ынталандырғаны үшін 2000 АЕК мөлшерінде 50 "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығы беріледі.
Докторларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы өсуде. Мәселен, егер 2022 және 2023 жылдары докторантураға берілетін гранттар саны тиісінше 1815 және 1919 грантты құраса, 2024 жылы 2919 грант бөлінді.
Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту маңызды бағыт болып табылады. Мұндай өзара іс-қимылдың сәтті мысалы - ғылыми-технологиялық сессиялар. Бүгінгі таңда Қазақмыс, Қазатомөнеркәсіп, ERG, Қазминералс, Қармет, ҚазақОйлАқтөбе, Қазмырыш сияқты ірі кәсіпорындармен бірлесіп ел өңірлерінде осындай 9 сессия өткізілді.
Ғылыми-технологиялық сессияның қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысына 11 техникалық тапсырма ұсынылды. Осылайша ғылыми-техникалық тапсырмалардың жалпы көлемінің 10%-ы ірі кәсіпорындармен нақты жұмыс нәтижелеріне негізделген.
Сонымен қатар 2024 жылдың басынан бастап жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымы мен технологияларын дамытуға күрделі салымдардан 1% аударудың жаңа тетігі енгізілді.
Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ЖОО базасында ғылыми инфрақұрылымды күшейту және кәсіпорындармен әріптестікте заманауи зертханалармен технологиялық парктер, инжинирингтік орталықтар құру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Осы ғылыми жобаларды іске асыруда 10 зертхана ашылды, 5 спин-офф цехтары, 3 стартап іске қосылды, 468 млн теңгеге жеке ұйымдармен ғылымды қажетсінетін қызметтер шығаруға 14 шарт жасалды, 788,9 млн теңге жеке қоса қаржыландыру тартылды.
Сонымен қатар еліміздің университеттерінде (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ) күрделі ғылыми міндеттерді шешуге, озық зерттеулерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған 3 суперкомпьютер бар. Академиялық кластердің жалпы өнімділігі - 2 PFLOPS.
Қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелері әртүрлі салаларда қолданылуда.
Балқашта Satbayev University Металлургия және байыту институтының қазақстандық ғалымдары әзірлеген бірегей технология бойынша тазартылған селеннің алғашқы партиясы шығарылды.
Сонымен қатар биолог-профессор Дос Сарбасов бастаған Nazarbayev University қазақстандық ғалымдары қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапты. DVC деп аталатын дәрі-дәрмектің құрамына С витаминінің жоғары дозасы және төмен концентрациядағы мышьяк кіреді. Препарат глюкозаны сіңіретін рак клеткаларына әсер етеді.
Бүгінгі таңда қазақстандық ғалымдардың қатерлі ісікке қарсы препараты пациенттерге оң әсермен клиникалық сынақтардың екі бастапқы кезеңінен сәтті өтті.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары Қазақстанда алғаш рет травматология, нейрохирургия, жақ-бет хирургиясы, онкология және радиология үшін отандық имплантат дайындады.
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ғалымдар металлургиядағы коррозиямен күресудің инновациялық әдісін - "Сақтау" коррозияға қарсы жабын әзірледі.
Қазақстандық ғалымдар тобы қазақ тілінде жасанды интеллектті дамытуға бағытталған KazLLM үлкен тілдік моделін әзірледі.
KazLLM қазақ тіліндегі мәтіндік ақпаратты өңдеу, аудару және талдау, сондай-ақ қазақ тілін заманауи технологияларға интеграциялау үшін тиімді шешімдер жасауға ықпал ететін болады.
Мемлекетті қолдау, жастарды белсенді тарту және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту елдің дамуы үшін жаңа көкжиектер ашады. Ғылым инновацияның қозғаушы күшіне айналып қана қоймайды, сонымен қатар тұрақты даму мен өркендеуге бағытталған ұлттық стратегияның маңызды элементіне айналады.