25.10.2021, 20:30 71312

Көкшетаудағы жәрмеңкеде жергілікті азық-түлік өнімдері ұсынылды

КӨКШЕТАУ. 25 ҚАЗАН - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңы мен "Алтын ғасыр" сауда үйінің алдында өткізілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аралап көріп, саудаға қойылған азық-түліктің бағасына назар аударды, жұртшылықпен әңгімелесіп, олардың ой-пікіріне құлақ түрді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақмола облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қала тұрғындары бұл күні ертелетіп орталық алаңға қарай ағылды. Себебі, бұл көтерме сауда жәрмеңкесінде жергілікті өнімдер қолайлы бағамен ұсынылды.
 

Қала тұрғындары үшін картоп, сәбіз, пияз, қызылша, қырыққабат сияқты көкөніс өнімдерін сатылымға шығардық. Жалпы, бұл жәрмеңкеге 100 тоннадан астам өнім әкелінді. Оның 20 тоннасы картоп, 7 тоннасы ет, 3 тоннасы сүт және 3 тоннасы көкөніс өнімдері. Өңіріміздегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұрғындардың арзан бағамен азық-түлік сатып алуы үшін қолайлы жағдай жасап отыр деп ойлаймын",– деді қала әкімі Бауыржан Ғайса.

 
Өткен жәрмеңкемен салыстырғанда, осы жолы адам саны онша көп болған жоқ. Қалай дегенмен де, жәрмеңкедегі азық-түлік бағасы жұрт көңілінен шыққандай. Мысалы, сүт – 270 теңге, айран – 280 теңге, сары май – 2 375 теңге, қаймақ – 260 теңге, ірімшік – 640 теңгеден сатылды. 
 
 "Гормолзавод", "Sinegor grain", "Ақкөл құс", "Казмельпром", "Capital Projects LTD", "Blic Terminal", "Қазгер құс", Бұланды ауданының "Журавлевка" серіктестігі мен "Ельжасова", "Рауан" жеке кәсіпкерлердің өнімдері сатылымға шықты. Тұтынушылар көбінесе көкөністер мен жеміс-жидекті, сүт өнімдерін сатып алу үшін кезекке тұрды.
 

Жалпы, жәрмеңкенің жиі өткізіліп тұратыны көңілге қонымды. Себебі, өзіңе қажетті азық-түлікті қолайлы бағамен сатып алуға мүмкіндік бар. Мен де бір қап картоп пен азды-көпті жеміс-жидек сатып алдым", – деді қала тұрғыны Ерлан Сатыбалды.

 
Жалпы, Көкшетау қаласында өткізіліп келе жатқан осындай игі шараға жергілікті тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін қолайлы бағамен сатып алу үшін ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкеден халық риза көңілмен тарқасты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны