11.02.2022, 17:58 44191

Күшіне енетін заң жануарларға қатысты садизмді шектеуге арналған - Экология министрлігі

НҰР-СҰЛТАН. 11 АҚПАН - Қазақстанда ағымдағы жылдың 2 наурызынан бастап Мемлекет басшысы қол қойған "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" ҚР Заңы күшіне енеді, деп хабарлады бүгін ОКҚ брифингінде ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 
Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда бұрын-соңды заңнамамен қамтылмаған құқықтық қатынастарды құқықтық реттеудің негізгі қағидалары белгіленді.
 
Жаңа заң аясында азаматтарды адамгершілікке тәрбиелеу идеологиясына басымдық беріледі. Мәселен бұл заң жануарларға ауырсынуды сезінетін қабілетті тіршілік иелері ретінде қарауға, жануарлардың өмірі, денсаулығы мен әл-ауқаты үшін иелерінің жеке жауапкершілігін арттырып, оларды қатыгездіктен қорғауға, халықтың моральдық және адамгершілік көзқарасын тәрбиелеуге негіз болады.
 

Атап айтқанда, заңмен жекелеген санаттағы жануарларды мәдени ойын-сауық мақсаттарында, эксперименттік (зертханалық), қызметтік, үй, қараусыз және қаңғыбас жануарларды асырау және ұстау кезіндегі талаптар белгіленген. Сондай-ақ барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу және осындай насихаттың кез келген нысандарына тыйым салу енгізіледі", – деді вице-минстр өз баяндамасында.

 
Қазіргі таңда заң ережелерін іске асыру үшін Экология министрлігі қоғам талқысынан және құзыретті мемлекеттік органдармен келісу рәсімдерінен өтетін нормативтік-құқықтық акт жобаларын әзірледі. Аталған нормативтік-құқықтық актілердің мәтінімен министрлік сайтының "Ашық НҚА" бөлімінде танысуға және өз ұсыныстары мен ескертулерін беруге болады.
 
Үй жануарларын асырауды реттеуге бағытталған НҚА жобалары бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады. Олар: үй жануарларын ұстау мен серуендетудің типтік ережелері; үй жануарларын есепке алу ережелері; жануарларды тасымалдау ережелері; есепке алынатын үй жануарларының тізбесі; тұрғын үйлерде ұстауға тыйым салынған жануарлардың тізімі; жануар иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін үй жануарларының тізімі. Сондай-ақ, иттердің өз бетімен жүруіне заңмен тыйым салынады.
 
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жануарлардың иелері үй жануарларын тіркеуі керек. Есепке алудың егжей-тегжейлі тәртібі тиісті ережелерде айқындалатын болады. Есепке алу иелердің есебінен жүзеге асырылатынына назар аударған жөн. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға бұл рәсімді мемлекет төлейді.
 
Қаңғыбас жануарлар үшін НҚА жобалары әзірленді, онда: аулаудың, уақытша ұстаудың, жансыздандырудың, вакцинациялаудың, стерилизациялаудың үлгілік қағидалары және жануарларды есепке алу қағидалары көзделген.
 

Қаңғыбас жануарларды қайтарымсыз аулау практикасы тоқтатылатын болады. Олардың санын мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана реттеу жоспарлануда. Сонымен қатар, иесі бар жануарларды зарарсыздандыруға тыйым салынады", - деп мәлімдеді Шалабекова.

 
Тағы бір айта кететіні жануарларды баспаналарда, зоологиялық қонақ үйлерде, уақытша ұстау пункттерінде, оңалту орталықтарында, зоологиялық питомниктерде, зоопарктерде және жылжымалы менагерьлерде ұстау ережелері бойынша әртүрлі санаттағы жануарларға бағытталған НҚА блогы да бар. 
 
Сөз соңында ведомство басшысының орынбасары бұл маңызды әрі үлкен жұмыс екенін баса айтты. Оның пікірінше заң мен әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер жануарларға жауыздық танытқан жағымсыз көріністерге тосқауыл болмақ.
 

Халықты жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнама туралы хабардар ету, білім беру жүйесінде биоэтика курстарын оқыту, көрмелер, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізу жұмыстарына басым бағыттардың біріне айналып, барлық азаматтардың күнделікті өміріне енуі тиіс. Заң және әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер пакеті жануарларға қатысты иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды тоздырып, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейрімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды", – деді вице-министр Әлия Шалабекова.


Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы жануарлардың қатыгездігі туралы фотосуреттер мен бейнелерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға тыйым салатын заң баптарының бірі қоғамда резонанс тудырды. Журналистер мен қоғамдық белсенділердің пікірінше, тыйым жануарларды қорлау фактілерін жариялауға кедергі келтіруі мүмкін және жануарларға қатысты зорлық-зомбылықтың онсыз да қиын жағдайын ушықтыруы мүмкін.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны