27.12.2022, 13:12 64181

Мүгедектігі бар адамға қамқорлық жасайтын туыстары мемлекеттен жалақы алады

Мүгедектігі бар адамға қамқорлық жасайтын туыстары мемлекеттен жалақы алады
Сурет: pixabay.com
Өзгерістер отбасы мүшелерін мүгедектігі бар адамға қызмет көрсету ісіне барынша тартуға бағытталған

Астана. 27 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Мүгедектігі бар адамға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін барынша тартылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Кодекстің үшінші жаңалығы - әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансфомациялау. Мұндағы негізгі мақсат - мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін әсіресе ауылдық округтерде арттыру. Бұл үшін мынадай өзгерістерді қарастырып отырмыз. Біріншіден - жан басына шаққандағы норматив енгізу. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке нормативтер, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде зерттелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан, кейбір қызмет немесе тауар түрлерін алдағы уақытта монетизациялауға алып әкеледі. Екінші жағынан, арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфрақұрылымын ауылдық жерлерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді", - деді министр.


Ол тағы бір өзгеріс ретінде мүгедектігі бар адамға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін барынша тарту екендігін айтты.

Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері қызметке орналасады. Сөйтіп, әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру шараларымен толық қамтылады", - деді Тамара Дүйсенова.


Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда мүгедектігі бар 700 мыңнан астам адам бар.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны