29.12.2021, 19:37 21596

Ақмола облысында дәрігерлерге арналған үй салынды

Ақмола облысында дәрігерлерге арналған үй салынды
Сурет: Ақмола облысының ІСБ
КӨКШЕТАУ. 29 ЖЕЛТОҚСАН - Ақмола облысында дәрігерлерге арналған үй салынды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Өңірдің басым мәселелерінің тізбесінде әлеуметтік сала қызметкерлері үшін жағдай жасау міндеті тұр.
 
Мамандарды аудан, ауылды жерлерге тарту үшін мемлекет студенттердің оқуына ақы төлейді, онымен қоса "Дипломмен ауылға" жобасы іске асырылуда, медицина қызметкерлері үшін тұрғын үй салынуда.
 
Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысының ірі аудан орталықтарының бірінде дәрігерлерге арналған 25 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
 
Кілттерді табыстау рәсіміне Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.
 

Пандемия кезінде біз медицина қызметкерлерінің қолдауы мен маңыздылығын ерекше сезіндік. Сіздер біздің денсаулығымызды сақтайсыздар. Облыс әкімдігі көптеген жылдар бойы ауылға медицина қызметкерлерін тарту бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету – біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі", - деп атап өтті аймақ басшысы.

 
Спикердің айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың арқасында соңғы екі жыл ішінде дәрігер кадрларына деген қажеттілікті бір жарым есеге қысқартуға мүмкіндік туды. 2021 жылы облысқа 72 жас дәрігер және 109 орта қызметкерлер келді. Облыста барлығы 7 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді.
 
Жыл сайын денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы жақсаруда. 9 ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тағы 7 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. 6 емхана мен дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, сала қызметкерлерін бекіту бойынша тұрғын үй мәселесі шешілуде.
 
Айта кетейік, қан орталығы ғимаратын аудан орталығындағы тұрғын үй ретінде қайта құру, қайта жабдықтау және қайта жоспарлау жобасы осы жылдың жазында басталды. Жоспарланған жұмыстар мерзімінде аяқталды.
 

Біз үшін бұл үлкен оқиға, бұл біздің аудан тарихында алғаш рет. Осының арқасында қаламызға қажетті мамандарды тарту мүмкін болды, бүгін бірден 19 дәрігер жаңа пәтерлердің кілттерін алды, тағы 5 — резервтік. Әрине, бұл жас дәрігерлер үшін үлкен демеу - Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына, сонымен қатар жаңа жыл қарсаңында тамаша сыйлық", - деп атап өтті Атбасар көпсалалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Зарыққан Шаубаев.

 
Естеріңізге сала кетейік, облыс бойынша Көкшетау қаласында медицина қызметкерлері үшін 40 пәтерлі үй салынды, Егіндікөл және Жақсы аудандарында ғимараттар қайта бейінделді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны