Денсаулық сақтау министрлігі нәрестелер мен аналардың өлімі жоғары өңірлерді атады
Ана өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Павлодар, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады.
Ажар Ғинияттың айтуынша, осы жылдың 6 айында ана өлім-жітімінің көрсеткішін 2,4 есеге төмендетуге қол жеткізілді.
Сонымен қатар, ол ана өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Павлодар, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалатынын атап өтті.
Себептер құрылымында - акушерлік асқынулар 70%, соматикалық аурулар – 30% құрады.
Нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 1000 тірі туғандарға шаққанда 8,3-ті құрады. Нәрестелер өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Шымкент қаласы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында байқалады", - деді министр.
Өз кезегінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдау, сондай-ақ әйелдер мен жаңа туған нәрестелер денсаулығына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға уақытылы оңалту көмегін көрсету ерекше назар аударуды талап етеді.
Өңірлермен бірлесіп, заманауи перинаталдық орталықтар салу және балалар ауруханаларын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау қажет", - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарының санын арттыру мәселелерін пысықтауды және денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында медициналық ақпарат жүйелерінің интеграциялануын қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-Министр тез арада шешілуі тиіс бірқатар мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, Үкімет басшысы азаматтардың ТМККК және МӘМС бойынша өтініштерін айтты.
Бірінші кезекте дәрігерлік көмектің көлемі жеткіліксіз деп шағым айтуда. Денсаулық сақтау және Қаржы министрлігімен бірлесіп, 1 қарашаға дейін оларды қаржыландыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырамын", — деді Әлихан Смайылов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.