26.01.2023, 09:18 60496

Экология министрлігі 1815 киік атуға рұқсат бермекші

Қазақстанның төрт облысында ақбөкендерді атуға рұқсат етіледі
Экология министрлігі 1815 киік атуға рұқсат бермекші
Сурет: Depositphotos
Астана. 26 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Елімізде киік аулауға рұқсат берілетін болды. Бірақ кім көрінген оңды-солды киікті қыра бермейді. Ақбөкендерді тек ғылыми зерттеу жүргізу үшін ғана аулауы мүмкін. Қазір осы жобаны экология министрлігі қоғамдық талқылауға шығарып отыр.

Киік аулау үшін еліміздің төрт өңірі таңдалған. Әзірге 1815 бас ақбөкенді атуға рұқсат сұрады. Қарағанды мен Ақмола аймақтарынан 700 киік, ал Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарынан 200 бастан киік ауланады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Мамандар түз жануарларының етін асып жеп, мүйізін пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ деп отыр. Ақбөкендерді атқан бойда, өлексесі ветеринарлық, жұқпалы ауруларды зерттейтін институттарға жеткізіледі. Ондағы ғылыми қызметкерлер ғана сынама алып пайдаланады. Дегенмен былтыр киіктің көбейіп кетуіне қатысты Ақмола мен Батыс Қазақстандағы шаруалар шу шығарған. Ақбөкендер егіс алқабын таптап кетіп, талай шаруаны шығынға батырған. Экология министрлігі атуға рұқсат береміз дегенде, керсінше, жануарларды қорғаушылар қарсы шығып тоқтатқан болатын. Содан бері осы мәселе әлі шешілмей келеді.

Тым аз көлемде ауланады. Бұл зерттеу жұмысына қажет. Киіктердің көбеюін, денсаулығын, қандай індетпен ауырады немесе жұқтырған ауруы бар ма, соны анықтайды. Бір-ақ бас киіктен ондағы үйірдің жағдайын білу мүмкін емес. Сондықтан бір аумақтан, кем дегенде 100-ден аулану керек", - деді М. Өтемісов атындағы БҚУ ғылыми қызметкері Михаил Шпигельман.


Құжат "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған. Оның қоғамдық талқылауы ағымдағы жылдың 7 ақпанына дейін жалғасады.

Бұрын хабарланғандай, сарапшылар ақбөкенге қатысты мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдер мен статистикаға күмән келтіреді.

Өткен жылы Қазақстанның Экология министрлігі шаруалардың ақбөкендер таптаған дақылдарға шағымданғаннан кейін мал басын азайту үшін аң аулауға рұқсат беру ниеті туралы мәлімдеді. Президент бұл бастаманы соңғы шара деп атаса, экологтар киіктерді ату туралы ұсыныстың сын көтермейтінін айтты. Шілде айында Мемлекет басшысы сол кездегі экология министрі Серікқали Брекешевке ақбөкендер популяциясын реттеудегі тиімсіз қызметі үшін сөгіс жариялады.

Ақпарат көзі: ktk.kz 
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны