06.04.2021, 20:41 9166

Экология министрлігі уылдырық шашу кезеңінде Қазақстанның су айдындарында балық аулауға қойылатын шектеулер туралы еске салды

Бұл шаралар өте маңызды, әйтпесе, кейбір балық түрлерінің популяциясы едәуір азайып немесе мүлдем жойылып кетуі мүмкін.
НҰР-СҰЛТАН. 6 СӘУІР - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" ҚР Заңы және ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2015 жылғы 24 шілдедегі бұйрығы бойынша Қазақстанда балықтардың уылдырық шашуы және көбеюі кезеңінде балық аулауға жыл сайын шектеулер мен тыйым салулар енгізілетінін хабарлайды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Бұл шаралар өте маңызды, әйтпесе, кейбір балық түрлерінің популяциясы едәуір азайып немесе мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Мұндайға жол бермеу үшін су бассейндерінде балық аулау зиян тигізуі мүмкін нақты күндер анықталады", - деп хабарлады ведомствода.

 
Мысалы, Арал-Сырдария бассейні бойынша Шардара су қоймасы су айлағынан 1 сәуір мен 20 мамыр аралығында, Түркістан облысы шегіндегі су айдындарда және Шардара су қоймасынан Қызылорда облысының әкімшілік шекарасына дейінгі Сырдария өзенінде 15 сәуір мен 31 мамырды қоса алғандағы аралықта балық аулауға тыйым салынды. Балқаш-Алакөл бассейні бойынша Балқаш көлінде 15 сәуір мен 1 маусым аралығында, Қапшағай су қоймасында және оған құятын барлық өзендер мен ағын суларда 5 сәуір мен 20 мамыр аралығында балық аулауға тыйым салынады.
 
Ертіс бассейні, Қарақастан бастап бірінші Батин шоқысына дейін Бұқтырма су қоймасының көл-өзен бөлігінде 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында, Бұқтырма су қоймасының терең су бөлігінде бірінші Батин шоқысының басынан бастап ағысты бойлап төмен қарай Бұқтырма ГЭС-не дейін 1 мамыр мен 15 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынды. Есіл бассейнінің су айдындарында шортан, аққайран және көксерке аулауға (аулауға, жинауға, дайындауға) 15 сәуірден 15 мамырға дейін, сазан (тұқы) 20 мамырдан 20 маусымға дейін, гаммарус 1 тамыздан 14 қыркүйекке дейін және басқаларға тыйым салынады.
 
Нұра-Сарысу бассейнінде 20 сәуірден 20 мамырға дейін көксерке, 1 мамырдан 30 маусымға дейін сазан (тұқы) аулауға тыйым салынды. Тобыл-Торғай бассейні шеңберінде Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді, Жангелдин аудандарының су айдындарында 20 наурыздан бастап 20 сәуірге дейін шортан, сазан (тұқы), табан, лай, көксерке аулауға 20 сәуірден бастап 30 мамырға дейін тыйым салынады.
 
Жайық-Каспий бассейні мен Қиғаш өзені бойынша 25 мамырдан бастап 31 тамызға дейін Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік бөлігінің су айдынында, 1 сәуірден бастап 31 тамызға дейін Жайық және Қиғаш өзендерінің қосалқы су айдындарында балық аулауға тыйым салынды. Сондай-ақ, 1 наурыз бен 1 шілде аралығында Шу-Талас бассейнінің Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және оның салаларында балық аулауға тыйым салынады.
 
Әрбір су бассейнінде балық аулауға барлық тыйым салулар мен шектеулер туралы толығырақ ақпаратты мына сілтеме бойынша білуге болады http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500011939.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны