16.12.2021, 14:49 342126

Назарбаев: Бүгінде жаһан жұртшылығы Қазақ жерін – бейбіт мекен ретінде таниды

Назарбаев: Бүгінде жаһан жұртшылығы Қазақ жерін – бейбіт мекен ретінде таниды
Сурет: elbasy.kz
НҰР-СҰЛТАН. 16 ЖЕЛТОҚСАН - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтына сілтеме жасап.
 

Қымбатты отандастар! Ардақты ағайын! Қадірлі халқым! Ең асыл құндылығымыз – қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президент ретінде күн-түн демей елдің тағдыр-талайын ойлап, туған халқыммен бірге тынымсыз тер төккен, толассыз уайым кешкен кездердің әр сәті менің жадымда өшпестей жазулы. "Ақ түйенің қарны жарылған" ақжолтай күн, азаттық алған шағымыз дәл кешегідей көз алдымда. Егемен еліміздің дербес дәуірі, салтанатты сапары сол тарихи оқиғадан басталған еді. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған арман ақиқатқа айналды. Тәңірге тәубе, көздегеніміз бен көксегенімізге жеттік! Көктен тілегеніміз бен көптен күткеніміз болды. Кеткен есеміздің, шеккен зардабымыз бен кемшін-кемісіміздің орны толды. Әруақ қолдады, әділет орнады: "Мың өліп, мың тірілген" қасиетті халқымыз қайта түледі. Мыңжылдықтар тоғысар тұста байырғы мемлекеттігіміз қайта жаңғырды", - делінген Елбасы құттықтауында.

 
Оның айтуынша, отыз жылда еліміз тұтас ғасырға татитын ұлы жолдан өтті. 
 

Осы тарихи кезеңде біз бағындырған белестер – Тәуелсіздік дәуірінің бір-бір бедерлі биігі деуге лайық. Барлығын түйіндей келгенде, ең басты жетістігіміз – біз Қазақстанды әлем мойындаған мемлекет ретінде қалыптастырып, еңселі елге айналдырдық. Бүгінде жаһан жұртшылығы Қазақ жерін – бейбіт мекен, Қазақ елін – мәртебелі мемлекет, сенімді серіктес ретінде таниды. Мұндай беделге тек рухы күшті, жұдырықтай жұмылған бірлігі бекем халық қана ие бола алады. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымағы жарасқан жұртымыздың үлкен-кішісіне сол үшін шынайы алғысымды арнағым келеді. Осы орайлы сәтте, азаттық алудың ауыр жүгін бірге көтеріскен алдыңғы-кейінгі серіктеріме де арнайы рахмет айтамын. Өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойы мен халқымның сенімінен шығуға бар күш-жігерімді жұмсап, саналы ғұмырымды ел игілігі үшін аянбай қызмет етуге арнадым. Еңбегім ақталды деп ойлаймын. Отанымыз Қазақстан Республикасы Орталық Азияның көшін бастап, ТМД елдерінің төріне жайғасты. Алпауыт елдермен үзеңгі қағыстырып, озық мемлекеттермен тең дәрежеде ынтымақтастық орнатты", - деп атап өтті Назарбаев.

 
Елбасы Қазақстан халқына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
 

Ең қиын да күрделі шешімдер қабылдар сәттерде мен әрдайым қалың еліме, қара орман халқыма арқа сүйедім. Маған әрдайым сенім артып, барлық бастамаларыма қолдау көрсеттіңіздер. Сол үшін баршаңызға тағы да рахмет!".

 
Тұңғыш Президент атап өткендей, қазіргі күні біз алдымызға озық 30 ел қатарына қосылу жөнінде өршіл мақсат қойып отырмыз. 
 

"Армансыз адам – қанатсыз құс" дегендей, елімізді өркендету жолында бізге ешқашан тоқмейілсуге, тоқтап қалуға болмайды. Жер көлемі жөнінен әлемде 9-шы орын алатын еліміз басқа да барлық бағыт бойынша болашақта озық 10 мемлекет қатарына қосылса деп армандаймын. Ұлы мұрат жолына белін байлаған ұлтымыз, мақсаткер де жасампаз жұртымыз барда сол арманымның орындаларына сенгім келеді".

 
Ол Тәуелсіздіктің жас ұрпағына үлкен үміт артатынын ерекше атап өтті.
 

Құрметті қазақстандықтар! Бізге алдағы уақытта бейбітшілікті жақтайтын саясатымыз бен халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы игі әрекеттерімізді жалғастыра беру керек. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен ел кез келген тар жол, тайғақ кешуден сүрінбей өтетіні анық. Оны отыз жылда өзгеге де, өзімізге де даусыз дәлелдедік. Ендеше, елдіктің алтын арқауындай ұлттық ауызбірлігімізді ардақтап, Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Сондықтан әрдайым тұғырымыз – тыныштық, тілегіміз татулық болуға тиіс. Еліміз мәңгілікке бағыт ұстаған ұзақ жолдың әлі де басында деп санаймын. Ұлт болып аттанған сол ұлы жолдағы алысты көздеген сапарымыз сәтті болсын! Баршамызды бабалар аруағы қолдап, халқымызды бейбітшілік пен берекеден айырмасын. ХХІ ғасыр Қазақстанның "алтын ғасырына" айналсын. Тәу етер киеміз – Тәуелсіздік жасасын! Егемендігіміз баянды, елдігіміз мәңгі болсын!".

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны