22.04.2021, 20:54 5964

Сенат Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы шарттар пакетін ратификациялады

НҰР-СҰЛТАН. 22 СӘУІР - Бүгін Парламент Сенатының отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы", "Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы" және "Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" заңдарды қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады. Бұдан былай екі мемлекет бір-біріне іздеуде жүрген азаматтарын ұстап беретін болды. Сондай-ақ, бұл Шартта ұстап беруге, бас тартуға, ұстап беруді кейінге қалдыруға және рәсімді оңайлатуға негіз болатын ережелер де қамтылған.
 
Сотталған адамдарды беру туралы Шарт Қазақстан мен Солтүстік Македонияның құзіретті органдарының өзара іс-әрекетіне және сотталған адамдарды беру туралы келісім жасауға мүмкіндік береді. Құжатта экстрадициялау, ақпарат алмасу, сотталған адамдарды жеткізу шарттары жазылған. Одан бөлек, сотталған адамдарды беру кезіндегі шығындарға байланысты нормалар да қарастырылған.
 
Сонымен қатар бүгін Қазақстан мен Солтүстік Македония арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмектің барлық ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерін реттеу және іске асыру үшін "Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" заң қабылданды. Оның кейбір нормалары банк шоттары мен қаржылық ақпараттарды анықтау, қылмыстық істер туралы құжаттарды, материалдарды немесе заттарды және ақпараттарды алмасу мәселелеріне арналған.
 

Бүгін қабылданған заңдар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымықтастықты дамытуға бағытталған. Олар қылмыскерлерді жауапкершілікке тартудың әртүрлі кезеңдерін қамтиды және қылмыспен күресті күшейту үшін мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерін қалыптастырады. Соған сәйкес, қылмыстарды тергеу процесінде жан-жақты көмек көрсету, қылмыскерлерді ұстау және оларды экстрадициялау, сотталған адамдарды беру сияқты өзара іс-әрекеттер қарастырылған. Бұл заңның үстемдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деа атап өтті Мәулен Әшімбаев үш заң жобасын қарауды қорытындылай келе.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны