03.03.2021, 21:00 20613

Қазақстанда коллекторларды борышкерлермен өзара іс-қимыл процесін видеоға түсіруді міндеттеу жоспарлануда

"Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлданды.
Нұр-Сұлтан. 3 наурыз. Kazakhstan Today - Парламент Мәжілісінің депутаттары жалпы отырыста бірқатар заң жобаларын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Отырыс барысында депутаттар "Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады.
 

Шарттың мақсаты - тауар және қызмет көрсету белгілеріне, тауарлар шығарылған жерлердің атауларына қатысты құқықтарды алудың өңірлік жүйесін құру. Бұл жүйені құру ЕАЭО аумағында тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне және тауарлар шығарылған жерлердің атауларына қатысты қорғауды алу рәсімін оңайлатады, бір еуразиялық өтінімді беру арқылы өтініш берушілер үшін әкімшілік және қаржылық кедергілерді төмендетеді", - деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

 
Сонымен қатар, жалпы отырыста депутаттар екінші оқылымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады.
 
Заң жобасының мақсаты –қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту.
 

Аталған заң жобасына қатысты депутаттар бірқатар түзетулер енгізді. Олар: кредит беру тәуекелдерінің өсуіне және азаматтардың борыштық жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермеуге, дауларды реттеу, борышкерлердің құқықтарын күшейту тетігін жетілдіруге, сондай-ақ, кредиторлардың қарыз алушылардың өтініштерін қарау және проблемалы берешекті реттеу мерзімдерін қысқарту (180 күннен 90 күнге дейін) сонымен қатар, микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшерін шектеу, сондай-ақ ипотекалық қарыздардың барлық түрлері бойынша мерзімі өткен 180 күннен кейін сыйақылар мен комиссияларды есепке жазуға тыйым салу", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

 
Коллекторлық ұйымдардың жосықсыз әрекеттеріне жол бермеу үшін коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен өзара іс-қимыл жасауға тыйым салуды, борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау процесін бейне-аудио тіркеу міндетін белгілеуді, коллектордың үшінші тұлғалармен өзара іс-қимылын жасауын шектеу ұсынылып отыр.
 
Естеріңізге сала кетейік, депутаттар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді мақұлдады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны