19.12.2022, 11:38 15651

Қазақстанда "төтенше" заң жобаларын қабылдау жеделдетіледі: Парламент регламентке түзетулерді мақұлдады

Қазақстанда "төтенше" заң жобаларын қабылдау жеделдетіледі: Парламент регламентке түзетулерді мақұлдады
Түзетулер халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің Парламентке енгізген заң жобаларын дереу қарауға қатысты

Астана. 19 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Сенат пен Мәжіліс депутаттары бірлескен отырыста Парламент регламентіне түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметовтің айтуынша, Парламент жұмысының регламентіне Мемлекет басшысы бастамашылық етіп, референдумда қолдау тапқан конституциялық реформа ережелерін іске асыру тәртібін белгілейді.

Осы мақсатта Парламент қаулысымен Парламент палаталарының Бірлескен комиссиясы құрылып, оның қарауына депутаттар мен комитеттерден 50-ден астам ұсыныс келіп түсті.

Атап айтқанда, заң қабылдау тәртібі өзгереді. Енді заңдарды Мәжіліс қабылдайды, ал Сенат мақұлдап, Президенттің қол қоюына жібереді.

Парламент Регламентіне енгізілген маңызды өзгерістер мен толықтыруларға тоқталған Арман Қожахметов құжатта конституциялық заңдарды Парламент палаталарының бірлескен отырысында ғана қарау және олар бойынша кемінде екі оқылым өткізу тәртібі ұсынылатынын атап өтті.

Бұл норма Конституцияның "Конституциялық заңдарды қабылдау" деп аталатын 4-1 жаңа тарауымен толықтырылуына байланысты енгізіліп отыр.

Конституциялық заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен аспайтын мерзімде Сенатқа жұмыс істеу үшін жіберіледі. Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарау үшін Мәжіліс Төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырады, бұл отырыста жобаның тұжырымдамасы талқыланады", - деді А.Қожахметов.


Сонымен қатар қажет болған жағдайда конституциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, оның құрамы жобаны бірінші оқылымда қарау кезінде бірлескен отырыста бекітіледі.

Екінші оқылымда тек депутаттар мен комитеттерден бірлескен комиссияның қарауына жазбаша түрде түскен ескертулер мен ұсыныстар талқыланады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Парламенттің әрбір палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды немесе оны қабылдамайды.

Түзетулердің келесі блогы Конституцияның 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Парламентке енгізілген Үкіметтің заң жобаларын дереу қарауға қатысты. Бұл жерде халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заңнамалық бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары туралы айтылған", - деді А.Қожахметов.


Депутаттың айтуынша, мұндай "төтенше" жобалар заң жобасы қабылданған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралатын болады.

Комитет төрағасы өз баяндамасында Президенттің конституциялық заңдар бойынша ұсыныстарын Парламентте қарау тәртібіне, Үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен барлық маңызды шешімі туралы Премьер-министрдің есебін тыңдау тәртібіне де тоқталды.

Талқылау нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қабылданды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны