12.05.2021, 22:01 16945

Қазақстанның Жаңа кәсіптер атласы таныстырылды

Жаңа кәсіптер атласының көмегімен түрлі құзыреттіліктерге қажеттілікті болжауға болады.

НҰР-СҰЛТАН. 12 МАМЫР - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі онлайн-конференция өткізді, оның шеңберінде орталық мемлекеттік органдар өкілдеріне Қазақстан Республикасындағы жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы таныстырылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еңбек министрлігінде атап өткендей, жаңа кәсіптер атласының көмегімен экономиканың қаралып отырған әрбір саласы бойынша түрлі құзыреттіліктерге қажеттілікті болжауға болады, бұл болашақ стратегиялық даму бағдарламаларының дәлдігіне оң әсер етеді. Бұдан басқа, бұл халықтың біліктілігін арттыруға деген түсінігі мен қызығушылығына, өзекті дағдыларға немесе сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға тартылуына әсер етеді.

Бүгінгі таңда Атлас негізінде білім беру стандарттарына бірқатар жаңалықтар енгізілуде. Мысалы, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің базасында "Тау-кен өндіру өнеркәсібі мен пайдалы қазбаларды өндіруге арналған пилотсыз ұшу аппараттарының операторы" жаңа мамандығы бойынша оқыту басталды. Осы бағыттағы мамандарды даярлаудың өзектілігін Дон тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері растайды.

Бұдан басқа, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ТжКБ сыныптауышына мынадай мамандықтар мен біліктіліктер қосылды:

– "Робототехника және ендірілетін жүйелер (салалар бойынша)" мамандығы және "Робототехникалық жүйелер мен кешендерді монтаждаушы-реттеуші", "Мобильді робототехника технигі", "Өнеркәсіптік робототехника технигі" біліктілігі;

– "Наноматериалдар негізіндегі бұйымдар технологиясы" мамандығы және "Наноматериалдар негізіндегі бұйымдар өндірісінің операторы" біліктілігі;

– "Өндірістің аддитивті технологиялары" мамандығы және "Аддитивті қондырғылардың операторы" біліктілігі;

– "Қашықтықтан басқарылатын авиациялық жүйе" мамандығы және "Сыртқы ұшқыш", "Пилотсыз авиациялық жүйелерді техникалық пайдалану жөніндегі техник-механик" біліктілігі;

– "Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері" мамандығы және "BIM-пайдаланушы", "BIM-техник", "Ғимаратты басқарудың зияткерлік жүйелеріне қызмет көрсету технигі" біліктілігі;

– "Жылжымайтын мүлікті басқару" мамандығы және "Көп пәтерлі тұрғын үйді басқарушы" біліктілігі;

– "Дестинацияны басқару" мамандығы және "Экологиялық туризм менеджері", "Туристік қызметтерді жылжыту жөніндегі менеджер", "Туристік ақпараттық орталықтың менеджері" біліктіліктері.

Атласты әзірлеу әдістемесі халықаралық тәжірибеге және экономика салаларын дамытудың әлемдік трендтерін ескеруге негізделген. Ол рапид форсайты (rapid foresight) технологиясы бойынша салалық сарапшылардың қатысуымен өндіріс, мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар және т. б. өкілдерінің қатысуымен болжамды сессиялар өткізуді қамтыды.

Атласта экономиканың басым 9 саласы: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс бойынша еңбек нарығын сыни түрде өзгертетін негізгі технологиялық трендтерге талдау жасалған. Құжатта кәсіптердегі таяудағы 5-10 жылға арналған өзгерістер болжанып, сондай-ақ 239 жаңа, 95 трансформацияланатын және 129 жойылып бара жатқан кәсіп айқындалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны