20.08.2021, 17:51 17895

Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекітті

НҰР-СҰЛТАН. 20 ТАМЫЗ - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY.
 
Құжаттың толық мәтіні Әділет сайтында жарияланған.
 
Жаңа тұжырымдама мыналарды қамтиды:
 
1. Жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілеттіктері мен жауапкершілік салаларын ажырату. 
 
Осыған байланысты "Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы" заң қабылданатын болады. Атап айтқанда, аудан әкімдері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған білім алушылар мен тәрбиеленушілердің қажеттіліктеріне талдау жүргізу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында) және басқа да мәселелерді шеше алады.
 
Кенттердің әкімдері қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру, көрме-жәрмеңке қызметін ұйымдастыру, коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру және т.б. мәселелерді өз бетінше шеше алады. 
 
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау өткізу жоспарланған.
 
2. Азаматтарды жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту. 
 
Бірінші кезекте бұл халықты жергілікті өзін-өзі басқару негіздеріне оқыту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын болжайды, осыған байланысты:
 
- жергілікті өзін-өзі басқарудың алқалы органы-кеңес құру; 
 
- мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының сайттарында ауылдық округтердің даму жоспарларын, бюджетке түсетін түсімдер туралы мәліметтерді, жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органының шешімдерін, азаматтық бюджетті және басқаларды жариялау;
 
- аумақтарды көгалдандыру, ортақ пайдалану орындарын құру және жөндеу бойынша үздік жобаларға конкурстар өткізу және т.б.
 
3. Ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жетілдіру. 
 
Атап айтқанда, бұл жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша шешім қабылдайтын өкілді орган - жергілікті қоғамдастық жиынын құруды көздейді. 2024 жылдан бастап ауылдық округтерде жергілікті қоғамдастық жиналыстары өкілді орган - кеңес болып қайта құрылады.
 
Жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі қағидаттарының қатарында мыналар да бар: 
 
а) жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті халық алдындағы ашықтығы және есептілігі; 
 
б) жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ұйымдастырушылық, экономикалық және қаржылық дербестігі; 
 
в) жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен мемлекеттік басқарудың өзара іс-қимылы; 
 
г) жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу кезінде жалпы мемлекеттік мүдделерді сақтау; 
 
д) мемлекет тарапынан жергілікті өзін-өзі басқаруды қолдау.
 

Тұжырымдаманы іске асыру азаматтардың жергілікті деңгейде мемлекетті басқарудағы рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары дербестік пен жергілікті маңызы бар мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік алады", - делінген құжатта.

 
Негізгі күтілетін нәтижелер: 
 
1. 2023 жылы жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын құру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін "Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы" заңды қабылдау.
 
2. 2021-2025 жылдар ішінде 2021 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін жергілікті тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы 2,5 мың ауылдық округ әкімдерінің қайта сайлануы.
 
3. 2024 жылдан бастап барлық ауылдық округтерде өкілетті орган - кеңес қызметін атқарады.
 
4. Барлық деңгейдегі мәслихаттарды отырыстардың онлайн-трансляциясымен қамту - 2022 жылы. 
 
5. 2024 жылдан бастап облыстарда аудан әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу. 
 
6. 2025 жылға қарай жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарын құру.
 
7. 3,5 мың ауылдық елді мекенде инфрақұрылымды (тірек және спутниктік) өңірлік стандарттар параметрлеріне дейін жеткізу.
 

Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру 2025 жылға қарай өңірлердің аумақтық, экономикалық, әлеуметтік жағдайларына сәйкес келетін, сондай-ақ тұрғындар мен жалпы мемлекеттің мүдделеріне сай келетін жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді".

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны