25.08.2021, 16:03 9114

Ведомствоаралық комиссия карантинді жеңілдету бойынша бірқатар шешімді мақұлдады

НҰР-СҰЛТАН. 25 ТАМЫЗ - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) отырысы өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Премьер-Министр Асқар Маминның тапсырмасы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты ВАК карантиндік режимді жеңілдетуге қатысты бірқатар шешімді мақұлдады. 
 
2021 жылғы 28 тамыздан бастап: 
 
- "Ashyq" жобасына қатысатын барлық бизнес объектілеріне демалыс күндері сағат 24:00-ге дейін, "Ashyq" жобасының көшбасшыларына – "Ashyq" қосымшасы арқылы расталған қызметкерлер мен келушілердің "жасыл мәртебесі" (вакцина алғандар, 7 күннен кем емес теріс нәтижесі бар ПТР тестінің болуы) болған жағдайда сағат 02:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат; 
 
- сенбі күні – қоғамдық көлік қызметіне рұқсат беріледі. 
 
Осы жылғы 30 тамыздан бастап жұмыс күндері: "Ashyq" жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің жұмыс уақыты 22:00-ден 24:00-ге дейін, "Ashyq" жобасы көшбасшыларының жұмыс уақыты 24:00-ден 02:00-ге дейін ұзартылды. 
 
Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Алматы қаласында карантиндік шаралардың жеңілдетілуін демалыс күндеріне биылғы 4 қыркүйектен бастап, ал жұмыс күндеріне биылғы 6 қыркүйектен бастап енгізу жоспарлануда.
 
Сондай-ақ ВАК-та жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары осы жылғы тамыз айының соңына дейін орындау үшін келесі тапсырмаларды берді: 
 
медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, педагогтер мен техникалық персоналды вакциналауды аяқтау; санитариялық талаптарға сәйкес мектептердің толық дайындығын қамтамасыз ету; 
 
педагогтар, қызметкерлер және ата-аналар үшін барлық білім беру ұйымдарында "Ashyq" жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету; 
 
білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау; мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау. 
 
ВАК отырысында Премьер-Министрдің орынбасары басқа да бірқатар тапсырма берді.
 
 
Соңғы мәліметтер бойынша, 2021 жылғы 24 тамыздың 23.59-дағы жағдай бойынша Қазақстанда ПТР-тестінің оң нәтижесі бар коронавирустың 754 891 жағдайы расталды. 2020 жылдың 13 наурызынан бастап коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 68 298 жағдайы тіркелді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны