Түркістан облысының Табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасына қарасты "Жасыл аймақ" КММ-нің бұрынғы басшысы сотталды, деп
хабарлайды Антикордың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Агенттік әлеуметтік сезімтал салаларда заңдылықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізуде.
Олардың бірі-табиғи ресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық талаптарды сақтау саласы.
Экологияны жақсарту азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.
Бұл ретте жекелеген лауазымды адамдар пара алуды, бюджет қаражатын жымқыруды және бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі өздерінің тікелей міндеттерін орындамауды қоса алғанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасайды.
Мәселен, Түркістан қалалық соты облыстық табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасы жанындағы "Жасыл аймақ" КММ бұрынғы басшысы И. Бегасиловқа, оның орынбасары А. Ерназаровқа, КММ заңгері М. Айнабековаға және кәсіпкер И. Муслимовқа қатысты үкім шығарды.
Олар техникалық ерекшелікке және қойылатын сапа талаптарына сәйкес келмейтін арзан пестицидтер мен гербицидтерді сатып алу арқылы 14,9 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Бегасилов 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, Ерназаров, Айнабекова және Муслимов 2 жылға бас бостандығынан шектеуге сотталды.
Сонымен қатар, олар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.