Қазақстан Ақтау-Баку-Джейхан бағыты бойынша мұнай жеткізуді 1,7 млн тоннаға дейін ұлғайтады
ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев ұлттық компанияның 2024 жылғы жұмысын қорытындылап, 2025 жылға арналған жоспарларын ұсынды, деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқармасының баспасөз қызметінен.
ҚазМұнайГаз" елдегі барлық мұнай өндірудің 26%-ын, тасымалдаудың 56%-ын және мұнай өңдеудің 80%-ын қамтамасыз етеді.
Басты өндірістік көрсеткіштер:
2024 жылы ҚМГ-ның мұнай өндіру көлемі 23,8 млн тоннаны құрап, өткен жылғы деңгейден 300 мың тоннаға көп болды.
Табиғи және ілеспе газ өндіру көлемі - 9,55 млрд текше метр, биылғы газ өндіру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 16%-ға немесе 11,1 млрд текше метрге артық болады деп күтілуде.
Мұнай тасымалдау көлемі - 83,5 млн тонна, бұл өткен жылғы деңгейден 4%-ға жоғары.
Мұнай өңдеу - 18,2 млн тонна.
Компания 2024 жылға 350 млрд теңге көлемінде рекордтық дивиденд төлеуді жоспарлап отыр. Халықаралық рейтинг агенттіктері ҚМГ-ға жоғары баға берді.
Геологиялық барлау қызметі әуелден ҚМГ жұмыстарының негізгі бағыты болып келеді. 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша мұнай мен конденсаттың өндірілетін қоры - 767 млн тонна. Жер қойнауында терең орналасқан қорлардың мүмкіндігін зерттеу аясында ҚМГ былтыр Қызылорда облысында Торғай Палеозой (5500 м) және Атырау облысында Қаратон Подсолевой (5500 м) учаскелерінде, сондай-ақ Қаражар және Тайсойған учаскелерінде ұңғымаларды бұрғылауды бастады", - деп атап өтті Қ.Есқазиев.
ҚМГ Басқарма төрағасының бірінші орынбасарының айтуы бойынша, перспективті жобаларды одан әрі іске асыру үшін сыртқы инвестициялар тартылады. Биыл стратегиялық серіктестермен бірге жаңа келісімшарттар қолға алынады - Жылыой (CNOOC), Болашақ (Қарамаржан Групп), Березовский (Sinopec) және Мұғалжар (Shell, Chevron). Сондай-ақ жыл соңына дейін жоспар бойынша Солтүстік Өзен (1650-2000 м) және Болашақ (3500 м) жобаларында бұрғылау жұмыстары басталады.
ҚМГ ескі кен орындарында өндіру көлемін сақтап тұру үшін жаңа технологияларды енгізуде. Сонымен қатар әрбір кен орны бойынша мұнай көлемін арттыру үшін сараланған әдістерді қолдануды көздейтін технологиялық сын-қатерлер бағдарламасы әзірледі. Оның есебінен қосымша 418 мың тонна мұнай өндірілді. Ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 519 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарда", - деді Қ.Есқазиев.
Сондай-ақ 2024 жылы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасының іс-шаралары табысты іске асырылып, қосымша 158 мың тонна мұнай өндірілді.
ҚМГ газ өндіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді. 2024 жылы Батыс Қазақстан облысында жобалық қуаты жылына 500 млн текше метр газды құрайтын Рожков газ конденсатты кен орнын игерудің бірінші кезеңі аяқталды. Батыс Прорва кен орнында газ кеніштерін игеру жұмыстары жалғасуда. 2025 жылғы маусымда жылына қосымша 150 млн текше метр газды қамтамасыз ететін бірінші кешенін іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл Шығыс Өріктау және Орталық Өріктау кен орындарындағы ұңғымаларды бұрғылау әрі жайластыру жұмыстары жүргізілмек.
ҚМГ қосымша экспорттық бағыттарды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырып жатыр. 2024 жылы Германияға мұнай жеткізу көлемі 50%-ға ұлғайды. 2025 жылы бұл көрсеткіш сақталатын болады.
Сондай-ақ SOCAR компаниясымен жасалған келісім аясында Қазақстан мұнайын Ақтау-Баку-Джейхан бағытында транзиттеу көлемі 1,4 млн тоннаға дейін немесе 27%-ға ұлғайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 1,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.
Биыл Қазақстан-Қытай мұнай құбырын кеңейту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге техникалық тапсырманы Қытай тарапымен келісу процесі аяқталады деп күтілуде.
Бұдан басқа, Қазақтеңізкөлікфлоты компаниясының танкерлер флоты мен пулын кеңейту жоспарда. Бұл бағытта 2025 жылы "Афрамакс" үлгісінде екі мұнай құю танкерін сатып алу жөніндегі жобаның іске асыру басталады.
Сонымен қатар барлық 3 ірі мұнай өңдеу зауыты әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін өндіру бойынша өз міндеттерін орындап жатыр. 2024 жылы жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемі 370 мың тоннаға ұлғайды. Осылайша, жеңіл мұнай өнімдерінің рекордтық көлемі шығарылды, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Биыл бұл көлем тағы да 75 мың тоннаға ұлғаяды деп күтілуде", - деп атап өтті ҚМГ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Отандық үш мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға дейін кеңейту бойынша инвестициялық жобалар іске асырылуда. Басты жобалардың бірі - серіктес СНПС компаниясымен бірлесіп, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 млн тоннаға дейін кеңейту. 2025 жылы техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезеңіне көшу жоспарда.
Ішкі нарықты битуммен қамтамасыз ету үшін Caspi Bitum зауытының қуатын 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті. Олар 2025 жылы сәуірде аяқталады. Бұдан бөлек, Жаңаөзен қаласында қуаты 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытын салу жобасы бойынша ерте құрылыс жұмыстары басталды.
ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ мұнай-газ химиясы саласын белсенді дамытып жатыр. Былтыр қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін ірі зауыттың құрылысы басталды.
Мұнай-газ химиясы саласының тағы екі жобасы - Полиэтилентерефталат (ПЭТФ) және Карбамид бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Бұл жобалар бойынша жалпы инвестиция көлемі 2030 жылға қарай 13 млрд доллардан асады және құрылыс кезінде шамамен 15 мың жұмыс орны және 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады", - деп түйіндеді Қ.Есқазиев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.