27.05.2022, 17:43 19766

КҚК-да қазақстандық мұнайды қабылдау толық көлемде қалпына келтірілді

Қазіргі кезде мұнай құбырының өткізу қабілетіне қойылған шектеулер алынып тасталды.
КҚК-да қазақстандық мұнайды қабылдау толық көлемде қалпына келтірілді
Сурет: cpc.ru
НҰР-СҰЛТАН. 27 МАМЫР - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен "Каспий Құбыр Консорциумы" АҚ бас директоры Николай Горбань қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Кездесу барысында атап өтілгендей, қазіргі кезде мұнай құбырының өткізу қабілетіне қойылған шектеулер алынып тасталды және қазақстандық жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау толық көлемде қалпына келтірілді. Айлақтың барлық құрылғылары жұмыс істеп тұр.
 

КҚК теңіз терминалында зақымдалған жылжымалы айлақ құрылғыларын жөндеу жұмыстары аяқталғанына қуаныштымыз. Бұл шектеулерді алып тастауға және Қазақстанда мұнай өндіруді толық көлемде қалпына келтіруге мүмкіндік берді", — деді ҚР Премьер-Министрі.

 
Әлихан Смайылов Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін қосымша мұнай көлемін тасымалдау үшін КҚК құбыр жүйесінің осал жерлерін жою жобасын уақытылы іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
 

КҚК мұнай құбырын одан әрі апатсыз және үздіксіз пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл үшін барлық қажетті шараларды қабылдау керек деп санаймын", — деді Қазақстан Үкіметінің басшысы.

 
КҚК мұнай құбыры Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ірі кен орындарынан мұнай экспорттаудың ең төте жолын және неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларды қамтамасыз етеді. 2021 жылы Қазақстаннан құбыр арқылы 53,1 млн тонна мұнай, 2022 жылғы қаңтар-сәуір айларында 18,7 млн тонна мұнай тасымалданды.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 21 және 22 наурызында қолайсыз ауа райы кезеңінен кейін ВПУ-3-те жүзбелі шлангілердің бірінің күштік қаңқасының ығысуы түрінде зақымдану анықталды. Ақаулықтарды уақтылы анықтау және жабдықты пайдаланудан шығару Қара теңіз акваториясына мұнайдың авариялық төгілу мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік берді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны