"Крокуста" болған теракт кезінде 15 жастағы жасөспірім жүзден астам адамды құтқарып қалды
Сурет: Mash
Мәскеудің Красногорск қаласындағы "Крокус сити холда" болған теракт кезінде 15 жастағы мектеп оқушысы Х.Ислам жүзден астам адамды құтқарып қалды, деп хабарлады ҚазАқпарат ТАСС ақпараттық агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Оның мәліметінше, "Крокустың" киім ілгішінде жұмыс істеп, табыс табатын сегізінші сынып оқушысы концерт кезінде қарулы лаңкестердің дәл қасында болған. Исламның айтуынша, ол жарты сағаттай адамдардың ғимараттан шығуына көмектескен.
Дәл 23:00-де атыс басталды. Мен бірден адамдарды шығаруға жүгірдім. Өйткені қосалқы есіктердің қайда орналасқанын білетін едім. Кетіп қалсам, жүздеген адам өлетінін түсіндім. Қолымнан келгенінше біраз адамды шығарысып, үйге қайттым. Мен өзімді батыр деп санамаймын", - деді Ислам "Комсомольская правда" газетіне берген сұхбатында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше белгісіз біреулер Мәскеудің Красногорск түбіндегі Crocus City Hall ғимаратында адамдарға оқ жаудырды. Бұл кезде "Пикник" тобының концерті басталуы керек еді.
Ресей Тергеу комитеті лаңкестік әрекетке қатысты қылмыстық іс қозғады.
Оқиға орнына мәскеулік жедел әрекет етуші жасақ мен арнайы мақсаттағы милиция отряды, сондай-ақ өрт сөндірушілер жіберілді. Crocus City Hall ғимаратына 30-дан астам облыстық және 20 жедел жәрдем бригадасы жіберілді.
Атыс басталғаны туралы мәліметтен кейін ғимаратта өрт шыққаны хабарланды.
РФ Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, өртенген аумақ 12 900 шаршы метрді құрады.
Өрт сөндірушілер адамдарды шатырдан шығарып, 100-ге жуық адамды эвакуациялады.
Мәскеу әуежайлары мен вокзалдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Барлық бұқаралық іс-шаралар тоқтатылды. Ресей Федерациясының бірнеше өңірінде төтенше жағдайға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
ФҚҚ Крокус Сити Холлдағы терактіге қатысты 11 адамның ұсталғанын хабарлады.
24 наурыз Ресейде ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 телефоны бойынша сенім телефоны ашылды. ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі терактіде қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ екенін хабарлады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.