21.12.2022, 10:42 14606

КТ сауалнамасы: респонденттердің 71%-ы энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару коммуналдық желілерде тәртіп орнатады деп санайды

КТ сауалнамасы: респонденттердің 71%-ы энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару коммуналдық желілерде тәртіп орнатады деп санайды
Сурет: altaynews.kz
Бұл ретте 24% желілерді мемлекет меншігіне қайтару апаттардың алдын алуға әсер етпейді деп санайды

Астана. 21 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Респонденттердің басым көпшілігі проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару коммуналдық желілерде тәртіп орнатуға мүмкіндік береді деп санайды.

Kazakhstan Today ақпараттық агенттігінің сайтында сауалнама жүргізілді. Респонденттерге келесі сұраққа жауап беру ұсынылды: "Қазақстан қалаларындағы жекешелендірілген жылу желілеріндегі апаттан кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел қалаларындағы проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Мұндай шаралар тиімді болады деп ойлайсыз ба?"

Сауалнамаға қатысушылардың 71%-ы: "Иә, мемлекет меншігіне қайтару және мемлекет пен қоғамға келтірілген залалды өтеу коммуналдық желілердегі жағдайды ретке келтіруге мүмкіндік береді" деп жауап берді; 24% "желілерді мемлекет меншігіне қайтару апаттардың алдын алуға әсер етпейді және тәртіпті күшейтпейді" деп есептейді; 3% - бәрібір.

Еске салайық, 30 градус аязда қала тұрғындарын жылусыз қалдырған Екібастұз ЖЭО апатынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке проблемалы энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.

Кейінірек бірінші вице-премьер Роман Скляр апаттың алдын-ала себептерін айтты. Оның айтуынша, станция қызметкерлерінің қате әрекеттерінен желідегі қысым күшейіп, соның салдарынан жылу трассаларында көптеген жарылулар орын алған және бұл өз кезегінде қазандықтардың тоқтап қалуына әкеліп соқты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз ЖЭО апатына тарифтік саясат әкелгенін айтты.

Петропавл, Теміртау, Степногорск, Балқаш, Қарағанды, Ақтөбе және Риддер қалаларындағы бірқатар апаттар әкімдер, министрлер және ең бастысы меншік иелері тарапынан тиісті реакцияға әкелмеді, деп мәлімдеді Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеше энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында Қазақстанда энергетикалық бақылауды күшейту бойынша бірқатар шараларды ұсынды. Оның айтуынша, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес субъектілерді тексеру нормативтік құқықтық актілердің талаптары көрсетілетін тексеру парақтары негізінде жүргізіледі.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны