16.03.2021, 20:11 9855

Алматы облысында локдаун енгізіледі

Соңғы аптада коронавируспен ауырғандардың өсу қарқыны Алматы облысында 0,6 процентті құрады.
Талдықорған. 16 наурыз. Kazakhstan Today - Соңғы аптада коронавируспен ауырғандардың өсу қарқыны Алматы облысында 0,6 процентті құрап, өткен тәулікте 99 жағдай тіркелген. Инфекциялық стационардың толымдылығы 43 процентті, реанимациялық төсектер толымдылығы 15 процентті құрап отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы қасқаша баяндаған облыс әкімі Амандық Баталов айтты. Өңір басшысының айтуынша, облыстың медициналық ұйымдары қажетті жабдықтармен және дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. Инфекциялық стационардағы төсектер саны 412-ге көбейтіліп, қазір саны 1 550 бірлікке жеткізілді.
 
Биылғы жылдың басынан бастап 11 ПЦР-зертханасында 137 мың тест өткізілген. 391 мобильді бригада коронавирус күдігі бар науқастардың үйіне барып 50,7 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетті.
 
Облыста ауру деңгейінің өсуіне байланысты карантиндік режим күшейтілді.
 
Белгілі болғандай, мектепке дейінгі мекемелердің, қоғамдық тамақтану объектілерінің, діни ұйымдарының, қоғамдық моншалар мен көліктің жұмысы сағат 17-ге дейін, ойын-сауық объектілері мен мейрамханалардың жұмысы сағат 21-ге дейін келушілер санын ескере отырып шектелді. Демалыс күндері облыста толық локдаун енгізіледі.
 

Алматы қаласы мен облыс арасында халық көші-қонының жиілеуіне байланысты қала маңындағы Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында ауру деңгейінің біршама өсуі байқалады, бас санитарлық дәрігерлер шектеу шараларын күшейту жөнінде жекелеген қаулылар қабылдады", - деп атап өтті А.Баталов.

 
Өңірде карантиндік шараларды сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. 1 қаңтардан бастап 6797 рейд барысында 449 карантиндік режимді бұзу анықталды, 410 хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
 
Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салу 30 егу пунктінде жүргізіледі, 6883 адамға екпе жасалды.
 
Атап өтсек, қазір Алматы облысы "сары" аймақта тұр. Ауруханаларда 685 адам ем қабылдап жатыр, соның 22-сінің жағдайы ауыр. 
 
15 наурыздағы 23.59 жағдай бойынша Қазақстанда ПТР-тестінің оң нәтижесімен коронавирустың 225 685 жағдайы тіркелген. Өткен тәулікте коронавирустық инфекцияның 954 жаңа жағдайы тіркелді. Елімізде барлығы 225 685 жағдай расталды, оның ішінде Алматы облысында - 11 810 (+99).
 
Бұған дейін Нұр-Сұлтанда локдаунды енгізу туралы белгілі болды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны