07.11.2022, 14:30 20996

Тоқаев Маңғыстауда тоқтап тұрған ірі өндірістерді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды

Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуде Қазақстан Президенті Үкіметке өңірде тоқтап тұрған ірі өндірістерді қалпына келтіру үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Тоқаев Маңғыстауда тоқтап тұрған ірі өндірістерді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды
Ақтау. 7 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке өңірде тоқтап тұрған ірі өндірістерді қалпына келтіру үшін шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 

Облыста соңғы бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орындары тоқтап тұр. Бұл жағдай жұмыссыз қалған азаматтар арасында наразылық туғызғанын жақсы түсінемін. Үкімет осы өндірістерді жандандыру үшін тиімді шараларды шұғыл түрде қабылдауға тиіс", - деп тапсырды Тоқаев.

 
Ол қажет болса, жаңа өнім шығару үшін нарықтың сұранысына сай бейімдеу жолдарын қарастыру керек екенін атап өтті. Сонымен бірге, бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашқан жөн, деді Тоқаев.
 

2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы.

 
Президент Маңғыстауда еліміздегі мұнайдың төрттен бірі өндірілетінін атап өтті. Мұнай-газ саласымен қатар облыста экономиканың өңдеу өнеркәсібін дамытуға мол мүмкіндік бар.
 

Қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру. Сондай-ақ, терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет. Мен бұл туралы Үкімет жиындарында, өңірлерге барған кезде үнемі айтып жүрмін. Барлық әкімдер осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған маңызды міндет", - деді ол.

 
Тоқаев облыста кәсіпкерлікті дамыту үшін де зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 32 пайызға жетті. Осы салада 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
 

Өңдеу өнеркәсібі, туризм, сауда, сондай-ақ білім беру және медицина саласында кәсіпкерлер саны артып келе жатқаны қуантады. Яғни, облыс экономикасы әртараптана бастады деуге болады. Аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға "Мен – кәсіпкермін" жобасы тың серпін берері анық. Сондай-ақ, "Кәсіпкерлікті дамыту" ұлттық жобасы аясында осы аймақтың шағын және орта бизнес өкілдеріне көмек көрсетілуге тиіс. Жалпы, әкімдік Үкіметтің қолдауымен бизнесті ынталандыратын жаңа шаралар әзірлеуі керек", - деп қосты Президент.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны