Төтенше жағдайлар министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде кадрлық өзгерістер орын алды
Төтенше жағдайлар министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде кадрлық өзгерістер орын алды Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы референдумның қорытындыларын жариялады
Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 11 миллион 734 мың 642 адамды құрады. 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бүкілхалықтық дауыс беруге 7 млн. 985 мың 769 адам немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,05% қатысты. Осылайша, "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум өтті деп есептеледі", - деді брифингте Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Ол Конституцияға енгізілген түзетулерді азаматтардың 77,18% қолдағанын айтты.
Елдің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 миллион 163 мың 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап, дауыс берді. Бұл 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрады. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны 18,66 пайызды немесе дауыс беруге қатысқандардың 1 миллион 490 мың 470 адамын құрады", - деді Нұрлан Әбдіров.
Осылайша, оның айтуынша, "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңның 31, 34-баптары негізінде елдің Негізгі Заңына ұсынылған өзгерістер қабылданды деп есептеледі.
Референдум қабылдаған шешімнің міндетті күші болады және актілермен қосымша растауды талап етпейді", - деді Ортсайлауком басшысы.
Референдумда қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшіне енеді.
Ол атап өткендей, жауаптардың екі нұсқасы да таңдап алынған, яғни жарамды деп танылған, алайда дауыстарды санау кезінде ескерілмейтін бюллетеньдер саны 1,58% немесе 125 мың 859 бюллетеньді құрады. Өзге бюллетеньдер, яғни белгіленбеген үлгідегі не дауыс берушілердің ерік білдіруін анықтау мүмкін емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады. Мұндай бюллетеньдердің саны 2,58% немесе 205 мың 924 бюллетеньді құрады.
Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы қорытынды шығару кезінде Алматы қаласы аумақтық комиссиясының өтінішін назарға алды. Аумақтық комиссия ұсынған материалдардың негізінде, "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңның 21, 31-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы әкімшілік-аумақтық бірліктің жекелеген учаскесінде референдум өткізуді жарамсыз деп таниды. Осыған байланысты Алматы қаласының №2 учаскесіндегі дауыс беру нәтижелері референдумның түпкілікті қорытындыларына енгізілмеді", - деді Нұрлан Әбдіров.
5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтті. Оның барысын 25 елдің 272 өкілі мен 11 халықаралық ұйым бақылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.