27.01.2022, 16:39 72296

Үкіметте биліктің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу мәселелері бойынша бірқатар кеңес өткізді.
Үкіметте биліктің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы қаралды
Сурет: primeminister.kz
НҰР-СҰЛТАН. 27 ҚАҢТАР - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу мәселелері бойынша бірқатар кеңес өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Сауда және интеграция министрлігі ұсынған шаралар шикізаттық емес экспортты, ішкі сауданы қолдау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуін белсенді түрде тежеуге бағытталған, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
 
Білім және ғылым министрлігі ұсынған шаралар еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруді, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын талаптарды күшейтуді, жұмсалатын қаражаттың тиімділігін арттыруды, өңірлерге үздік педагогтерді тартуды, оқушыларға қауіпсіз жағдайлар жасауды, ерекше қажеттіліктері бар балаларды коррекциялық қолдауды және қосымша білім алуды қолжетімді етуді көздейді. 
 
Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз етуді күшейту, спорт секцияларының, спорт нұсқаушыларының санын ұлғайту, әуесқой клубтар желісін кеңейту, спорт ғимараттарын салу және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу, спортшылар мен жаттықтырушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолымен бұқаралық спортты, бірінші кезекте балалар спортын дамыту жөніндегі шараларды ұсынды. Туризм саласында 192 инвестициялық жобадан тұратын пулды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
 
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастардың білім алуы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту, оларды қолдау бойынша қаржылық және қаржылық емес құралдарды қолдану, азаматтық қоғамды жаңа қоғамдық шартты қалыптастыруға тарту, мемлекеттік органдардың халық пен бизнестің сұраныстарын ескере отырып, өзекті деректерді ашуы туралы шараларды ұсынды.
 
Денсаулық сақтау министрлігі, бірінші кезекте, ауылдық жерлерде халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді дамытуға баса көңіл бөледі — ауылдарда 80 медицина нысанын ашу көзделген, жылжымалы медициналық кешендер 3 млн-нан астам консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында 70 гериатриялық кабинет ашу арқылы егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданады. ЭКҰ-ға 7 мың квота бөліп, "Аңсаған сәби" бағдарламасы одан әрі іске асырылады. 8 балаларды оңалту орталығын, 2 ерте қолға алу орталығын ашу жоспарда бар.
 
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылы 700 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етудің белсенді шараларымен қамтуды жоспарлап отыр. Шамамен 5 млн адам мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерімен қамтамасыз етіледі. Биыл халықтың орналасуының өңіраралық сәйкессіздігін азайту мәселелерін шешуге бағытталған Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы мен Әлеуметтік кодексті әзірлеу көзделіп отыр.
 
Энергетика министрлігі электр таратушыларға бағаны ұстап тұру, ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне, электр энергиясына, сұйытылған және тауарлық газға деген қажеттілігін жабу, еліміздің отын-энергетика кешенінің түрлі салаларына инвестициялар тарту және т. б. бойынша шараларды ұсынды.
 
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынған 2022 жылға арналған шаралар АТ білім алудың қолжетімділігін арттыруды, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 5G ұялы байланыс стандартын енгізуді, геостационарлық емес спутниктік топтамаларды пайдалану арқылы шалғайдағы ауылдарды интернетпен қамтуды көздейді.
 

Бағдарламаның барлық тармағы практикалық сипатқа ие болуы тиіс және халықтың тұрмыс сапасын нақты жақсартуға бағытталғаны жөн. Ел тұрғындары оң өзгерістерді сезінуі үшін тиімді шаралар әзірлеу қажет", — деді Премьер-Министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны